Ақмола полицейлері Көбейтұз көлінде бақылауды күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде туристердің Көбейтұз көлінен тұз қазып жатқан видеосы тарағаннан кейін, полицейлер демалушылар мен жергілікті тұрғындарға су айдынындағы тәртіп сақтау ережелерін еске салды. 

Акмолинские полицейские усилили контроль на озере Кобейтуз
Фото: Kazinform

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ерекше қорғалатын табиғи нысан — Көбейтұз қызғылт көлін сақтау мақсатында Ерейментау ауданының тәртіп сақшылары төтенше жағдайлар бөлімі және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп рейдтер жүргізуге кірісті.

— Басты міндет — қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, көл экожүйесінің бұзылуына жол бермеу. Азаматтарды табиғат мұрасына ұқыппен қарауға шақырамыз: көл түбінен тұз қазбаңыздар, жағалауды және су айдынын ластамаңыздар, қауіпсіз демалыс ережелерін сақтаңыздар, — деп мәлімдеді полиция қызметкерлері.

Ережені бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ, демалушылар үшін көл аумағында мінез-құлық және қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық тақтайшалар орнатылған.

Еске салсақ, біршама жыл бұрын қызғылт түсті Көбейтұз көліне көлігімен кіріп кеткен азаматтың фотосуреті әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Ақмола облысының полиция қызметкерлері ол жүргізушіні ұстап, әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартты.

Соңғы жаңалықтар