Ақмола, СҚО су қоймалары 100% толды
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева еліміздегі су қоймаларындағы жағдайды баяндады.
«Батыс Қазақстан облысының төрт ірі су қоймасы орта есеппен 88,5%-ға толды. Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі – 828 см, ол бір тәулікте 10 см-ге төмендеді», - деді Мөлдір Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы.
Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 100%-ға толы.
Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 97%.
Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші – шамамен 83%.
Абай облысында Шүлбі су қоймасы 39%-ға толды.
Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толы.
Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші –92%.
«Су қоймаларына жиналған тасқын суы одан әрі ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі», - деді спикер.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалы 37 мыңнан астам тұрғыны бар 28 елді мекенді су тасқынынан қорғап қалды.