Ақмола тұрғындары пойыздар санын көбейтіп, автобус маршруттарын кеңейтуді сұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының тұрғындары жолаушылар пойыздарының санын көбейту, автобус маршруттарын кеңейту және автомобиль жолдарын жөндеу мәселелерін көтерді. Бұл мәселелер 26 қарашада Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың өңір халқымен кездесуінде талқыланды.
ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде облыстың көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарының жай-күйі, теміржол және автобус қатынасы, сондай-ақ әуежайды жаңғырту мәселелері қаралды.
Тұрғындар жолаушылар пойыздарының санын арттыруды және шағын елді мекендердің қажеттіліктерін ескере отырып, пойыз қозғалысының кестесін өзгертуді ұсынды. Сондай-ақ жоғары жылдамдықты теміржол қатынасын дамыту перспективалары сөз болды.
Автобус қатынасына қатысты аудан орталықтары, ауылдар, Көкшетау және Астана арасындағы маршруттық желіні кеңейту мәселесі көтерілді.
Автомобиль жолдарының жай-күйі де талқыланды. Тұрғындар Көкшетау – Омбы және Жақсы – Чистополье автожолдарының жекелеген учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімдерін нақтылауды сұрады. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар Еленовка – РММ – Чистополье жолын жөндеу перспективалары қаралды.
Жиында автобус паркін жаңарту, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен сапасын арттыру және өңір әуежайын жаңғырту жоспарлары да сөз болды.
Кездесуден кейін Жәнібек Тайжанов азаматтарды жеке қабылдап, екі тұрғынның өтінішін қарады. Олар автобус тасымалын субсидиялау тетігін, соның ішінде тарифтерді қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды және автобус парктерінің жүргізушілеріне жеңілдіктер беруді ұсынды.
Кездесу мен жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер берілді.
Осыған дейін Ақмола облысында көктайғақ салдарынан 15 жаңа көлік тиелген екі жүк көлігі аударылғаны туралы жаздық.