Ақмола тұрғыны үй кезегінен шығарып тастағаны үшін әкімдікті сотқа берді

ЗЕРЕНДІ.ҚазАқпарат - Зеренді соты жергілікті тұрғынның әлеуметтік тұрғын үй алу құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола тұрғыны үй кезегінен шығарып тастағаны үшін әкімдікті сотқа берді

Ақмола облысы Зеренді аудандық сотының төрағасы Қайрат Хасеновтың айтуынша, жергілікті тұрғын Зеренді ауданының әкімін сотқа берген.

Ол талап арызында Зеренді ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тұрғын үй алу үшін кезекте тұру құқығы бұзылғанын айтқан.

«Істің мәні мынада: азаматша М. - Зеренді ауылының тұрғылықты тұрғыны. Жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп өсірді. 1988 жылдан бастап аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істейді, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар. Жылдар өте келе, сондай-ақ денсаулығы мен өмір сүру жағдайының нашарлауына байланысты әйел мемлекеттік тұрғын үй қорынан әлеуметтік тұрғын үй алу үшін мемлекеттік органға жүгініп, кезекке тұруды шешті. 2008 жылы азаматша М. Зеренді ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде мемлекеттен әлеуметтік тұрғын үй алу кезегінде тіркелді», - деді Қ.Хасенов.

Ал, 2019 жылдың тамызында ол осы кезекте тоғызыншы болды, бірақ 2021 жылдың тамызында ол «санаттың расталмауына» байланысты, яғни бюджеттік ұйымда әлі де жұмыс істейтіндігін уақтылы растамағандықтан кезекте тұрғандар тізімінен шығарылған.

«Әрине, бұл әйел үшін ауыр соққы болды. Ұзақ жылдар бойы ол аудандық емханада адал еңбек етіп, науқастарға көмектесіп келді. Осы уақыт ішінде өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартатын күнді күтті. Сот төрелігін іздеуде азаматша М. мемлекеттен тұрғын үй алу кезегінде оны қалпына келтіру үшін өз мүддесін қорғау туралы әкімшілік талаппен сотқа жүгінді», - деп түсіндірді сот төрағасы.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген ҚР Әкімшілік кодексіне сәйкес, аудандық сотта әкімшілік істі қарау барысында жауапкерлердің, атап айтқанда мемлекеттік мекемелердің өкілдері әйелді әлеуметтік тұрғын үй алу кезегінде қалпына келтіру туралы мәлімделген әкімшілік талап-арызды мойындады.

Сотта тараптар аталған дауды медиация тәртібімен татуласу жолымен шешуге шешім қабылдады, яғни мемлекеттік орган әйелді әлеуметтік тұрғын үй алуға бұрынғы кезекте қалпына келтіру туралы келісімге келді.

«Сот тараптар жасасқан татуласу келісімін бекітті және әйелдің мемлекеттен тұрғын үй алуға бұрынғы кезегі де қалпына келді. Оның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді және оған мемлекет есебінен отбасымен бірге тұру үшін жеке тұрғын үй алу мүмкіндігі қамтамасыз етілді», - деп толықтырды Қ.Хасенов.