Ақмола және Қарағанды облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалдарсыз жеткізуге мүмкіндік беріп отыр - Астана әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары күніне шамамен 1 мың 800 тонна ауыл шаруашылығы өнімін тұтынады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Қарағанды және Ақтөбе облыстарының жәрмеңкесінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

Ақмола және Қарағанды облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалдарсыз жеткізуге мүмкіндік беріп отыр - Астана әкімі

«Бүгін жәрмеңкеге Ақтөбе және Қарағанды облыстары 900 тонна көлемінде ауыл шаруашылық және өңдеу өнеркәсібі өнімдерін алып келді. Атап айтқанда, Астана тұрғындары күніне шамамен 1 мың 800 тонна өнім тұтынады. Сондықтан жәрмеңкенің негізгі мақсаты - өңірлердегі жетістіктерді кеңінен таныстыру», - деді елорда әкімі.

И. Тасмағамбетовтың Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуде бүгінде Ақмола және Қарағанды облыстарының мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті.

«Осы екі облыс азық-түлік белдеуі бойынша бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалдарсыз Астанаға жеткізуге мүмкіндік беріп отыр»,-деді әкім.

Айта кетейік, елордадағы бүгінгі жәрмекені Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те аралап шықты. Жәрмеңкедегі өнімдер бағасы орта есепппен алғанда 20 пайызға төмен. Бүгінгі шараға Қарағанды облысынан 500 тонна, ал Ақтөбе облысы 400 тоннаға жуық ауыл шаруашылық және қайта өңдеу өнеркәсібі өнімдерін алып келді.