Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары қалай газдандырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде 11,6 млн адам көгілдір отын қызығын көріп отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейі халықтың жалпы санының 59 пайызын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Жалпы, елді газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады», - деді министр.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының елдің солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру мүмкіндіктерін қарау жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік әртүрлі нұсқаларды пысықтап жатқанын атап өтті.
«Атап айтқанда, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды жүзеге асыру ұсынылады», - деді Болат Ақшолақов.