«Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауының гала-концерті өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Аршалы ауданында «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауының гала-концерті өтті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы және "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында «Қуатты Қазақстан - баянды болашақ!» ұранымен ұйымдастырылған шараға 13 ауылдық округ, 184 шығармашылық ұжым, 2020 шығармашылық көркемөнерпаздық ұжым мүшелері, 263 солист және 7868 көрермен қатысты.
Әрбір округ өз бағдарламасын дайындап, сахнаны безендіріп, жаңашылдығымен ерекшеленді. Әсіресе, Бірсуат, Константинов, Волгодон ауылдық округтердің шығармашылық ұжымдары, сонымен қатар, Түрген, Арнасай және №3 Аршалы орта мектебі көзге түсті.
Сонымен қатар облыстың көркемөнерпаздар шығармашылығы байқауының гала-концертінде ауданның ең үздік ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтсақ, «Задоринка», В.Н.Зеленый атындағы халық ансамбльдері, «Мираж» халықтық би ансамблі, Тасболатовтар әулетінің «Алмагүл» халықтық отбасылық ансамблі, қазақ және орыс халық аспаптары оркестрлері, би ұжымдары. Өнерпаздардың көбісі облыстық байқау лауреаттары, халықаралық және облыстық фестивальдердің, байқаулардың, концерттердің қатысушылары.
Осылайша аудандық халық шығармашылығы байқауы ерекше алуандылығымен, эмоционалдылығымен көрермендердің көңілінен шықты.