Ақмолада 67 мектеп карантинге жабылып, қашықтан жұмыс істеп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мектептер қашықтан оқытуға ауысқалы өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған оқушылардың саны азайды. Бұл туралы брифингте өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмолада 67 мектеп карантинге жабылып, қашықтан жұмыс істеп жатыр

Өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің айтуынша, Ақмола облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда.

Облыс әлі «қызыл» аймақта. Дегенмен, 2-8 ақпан аралығында өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының төмендеу тенденциясы байқалады.

«Егер алдыңғы аптада 1 426 жағдай тіркелген болса, осы аптада 1 009 жағдай болды. Төмендеу 1,4 есеге – 417 жағдайға байқалады. Сондай - ақ, бір апта ішінде репродуктивті саны 1-ден аз», - деп түсіндірді А.Мусина.

Өңірде 367 оқушы ауырып қалды. Оның 144-і офлайн және 213-і қашықтықтан оқытылды.

Енді оқушылар арасында КВИ ауруының кем дегенде бір жағдайы тіркелген кезде білім мекемесі инфекцияның таралуын болдырмау үшін қашықтықтан жұмыс режиміне көшеді.

«Бүгінгі таңда бізде 67 мектеп қашықтан жұмыс түріне ауыстырылды. Бұл оқушылар арасында сырқаттануды тіркеуді 30 жағдайдан 10 жағдайға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Қашықтан жұмысқа ауысу өзінің тиімділігін көрсетті» - деп атап өтті спикер.

А.Мусина атап өткендей, мектептерде тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер де коронавирус инфекциясына шалдығады.

Сонымен, аймақтағы оқу орындарының бірінде науқас мұғалім төрт оқушыны жұқтырды.

Жалпы, өңірде бүгінде 2 651 жұмыс істеп тұрған ошақ тіркелген, оның 640-ы ұйымдасқан. 10-нан астам науқас тіркелген ошақтар жоқ.

Инфекциялық стационарларда 632 пациент ем алуда, инфекциялық стационарлардың төсек қорының 39,5 пайызы ғана толған.

«1 ақпаннан бастап КВИ-ге қарсы вакцинация басталды. Бүгінгі таңда Көкшетауда үш егу пункті, Бурабай және Зеренді аудандарында бір-бірден жұмыс істейді. Вакцинациямен 640 адам қамтылды, оның ішінде 628 медицина қызметкері, 6 мемлекеттік қызметші және 6 педагог. Вакцинаны алғаннан кейін қандай да бір қолайсыз салдарлар тіркелген жоқ», - деп толықтырды А.Мусина.

Бұған дейін Ақмола облысының 49 мектебін карантинге ауыстыру туралы хабарланған болатын.