Ақмолада 8 жылжымалы медициналық кешен мен 38 реанимобильдің кілті тапсырылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі медициналық мекемелерге 8 жылжымалы медициналық кешен, Көкшетау қаласының жедел жәрдем стансасына 38 реанимобиль және 24 патруль автокөлігінің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмолада 8 жылжымалы медициналық кешен мен 38 реанимобильдің кілті тапсырылды

Көкшетау қаласының Абылайхан алаңында карантин талаптарын сақтай отырып, ұйымдастырылған шара коронавирус пандемиясымен күреске елеулі үлес қосқан 6 медицина қызметкері мен 8 тәртіп сақшысын «Халық алғысы» медалімен марапаттау рәсімімен басталды.

«Бүгінгі таңда облыста коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық қызу жүргізілуде. Біздің басты міндетіміз – коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу. Осы ретте, өңірде қазіргі замаңғы медициналық нысандар салынып, материалдық – техникалық базалары жаңартылуда. Пандемиямен күресуде медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының қосып отырған үлесі зор. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз, Отанымыздың мүддесіне деген адалдықтарыңыз үшін тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. Коронавирус пандемиясы кезеңінде азаматтардың денсаулығын, қауіпсіздігі мен əлеуметтік жағдайын қорғауда дәрігерлер сияқты Сіздер де өз денсаулықтарыңызды тəуекелге тігіп, өңірде қауіпті індеттің жайылуын тежеуге елеулі үлестеріңізді қосып келе жатырсыздар. Облысымыздың елдімекендерінің көшелеріндегі тəртіп пен ақмолалықтардың тыныштығы, өз қауіпсіздігіне деген сенімдері тікелей сіздерге байланысты», – дей келе аймақ басшысы Ермек Маржықпаев өңірдегі медициналық мекемелерге 8 жылжымалы медициналық кешен, Көкшетау қаласының жедел жәрдем стансасына 38 реанимобиль және 24 патруль автокөлігінің кілтін табыс етті.

Сонымен қатар аймақ басшысы облыс әкімдігі тарапынан өңірдің денсаулық сақтау саласы мен полиция қызметіне жасалып отырған қолдауы олардың жұмыс тиімділігі мен сапасына оң ықпал ететінін атап өтті.