Ақмолада арнайы техниканы алып жүрген патрульдік көлік апатқа ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысындағы Астана — Петропавл тасжолында патрульдік полиция көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан полиция қызметкері жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Патрульдік көлік қатысқан жол апатының видеосы әлеуметтік желідегі бірнеше жергілікті пабликте жарияланды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
— 3 қарашада Астана — Петропавл автожолында патрульдік полиция көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, JAC T9 автокөлігінің жүргізушісі жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтамай, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы жол техникасын алып жүру міндетін атқарып жүрген полицияның қызметтік көлігімен соқтығысқан, — деп түсіндірді ведомстводан.
Жол апаты салдарынан полиция қызметкері жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген.
— Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп толықтырды полиция.
Бұған дейін Ақмола облысында тас жолда болған жол апатынан үш адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.