Ақмолада білім саласындағы қаржының қалай жұмсалатынын көрсететін жоба іске қосылды
Ақмола облысының бірнеше ауданында білім саласының бюджетін цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform.
Бірыңғай цифрлық есепке алу жобасы Ақмола облысының білім беру ұйымдарында енгізілді.
Жоба облыстың төрт өңірінде — Көкшетау және Қосшы қалаларында, Есіл және Целиноград аудандарында басталды.
Бастама Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен облыс әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ұсынылды.
Тараптар бірлескен бұйрыққа және жобаны іске асыру жоспарына қол қойды.
Бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау — пилот жобаның басты міндеті.
Яғни, бюджеттік өтінім жасау және ұсыну процесін автоматтандыруды есепке алудың ақпараттық жүйесі ұлттық білім беру деректер базасымен, «Қазынашылық-клиент» жүйесімен, Ұлттық тестілеу орталығының сертификаттары туралы деректер базасымен, сондай-ақ қызметкерлердің қатысуын бақылау жүйесімен бірігеді.
Жақында пилоттық жоба Павлодар облысында іске қосылды.
Жұмыс оң нәтиже берген жағдайда жоба еліміздің барлық өңірінде енгізіледі.