Ақмолада борышкерлермен бірге адал тұтынушыларды да газдан ажыратып тастаған

«Анықталғандай, тұтынушылар көппәтерлі тұрғын үйге газ реттегіш қондырғы арқылы газ беру қызметіне қарызы болған жағдайда «Газ-Қызмет» ЖШС борышкерлермен бірге адал тұтынушыларға да газ беруді тоқтатқан. Бұл олардың құқықтарын бұзды», - деп атап өтті Ақмола облысы бойынша монополияға қарсы департамент.
Өтініштерді қарау және тауар нарығына талдау жүргізу қорытындысы бойынша Ақмола облыстық монополияға қарсы департаменті «Газ-Қызмет» ЖШС әрекетінде ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының нормаларын бұзу белгілерін анықтады.
«Газ-Қызмет» ЖШС атына Қазақстанның монополияға қарсы заңнамасын бұзу фактілерін жою және алдағы уақытта осындай іс-әрекеттерге жол бермеу бойынша шара қабылдау қажеттігі туралы хабарлама жолданды.
Ведомстводан атап өткендей, хабарлама заңнамада белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда монополияға қарсы департамент тергеу рәсімін бастауға құқылы.
Айта кетсек, мұның алдында Ақмола облысы бойынша монополияға қарсы департамент қызметкерлері екі компанияның қант бағасын себепсіз көтергенін анықтаған болатын.