00:29, 15 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Ақмолада бұрынғы Мир көшесі Тәуелсіздік болып өзгерді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы Зеренді селосының орталық көшесіне Тәуелсіздік атауы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде бұрынғы Мир көшесі Тәуелсіздік болып өзгертіліп отыр. Осыған орай, ұйымдастырылған салтанатты шараға Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафин, аудандық мәслихат депутаттары, ауданның құрметті азаматы Иван Поздняков қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Көше атауын өзгерту туралы мәдениет саласының ардагері Күләш Рақымжанов бірінші болып, ұсыныс жасаған екен.
Салтанатты шара дәстүр бойынша шашу шашу және домбыраның сазды үнімен ашылып, жергілікті көркемөнерпаздардың орындауындағы әсем ән мен мың бұрылған биге ұласты. Жиналған қауым патриоттық нақыштағы әндермен сусындап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.