Ақмолада дауылдан үйлердің шатыры ұшып, тұрғындар жарықсыз қалды
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 шілде күні Степногор қаласындағы Изобильное ауылында сағат 18:15 шамасында дауылды жел соққаны жайлы хабар келіп түскен.
Дауыл салдарынан электр бағаналары, ағаштар бүллінген, сондай-ақ тұрғын үйлердің шатырлары ұшып кеткен.
«Оқиға орнына келгенде елді мекенде 25-30 м/с жылдамдықпен соққан желдің салдарынан 17 электр бағанасының бүлінгені, бір үйдің шатыры толығымен, ал 29 тұрғын үйдің шатыры ішінара ұшып кеткені анықталды. Сондай-ақ ауыл клубы ғимаратындағы 20 шаршы метр аумақтың шатыры бүлінген. Сонымен қатар, дауыл жылу қазандығы ғимаратындағы 100 шаршы метр аумақтың шатырын ұшырып әкеткен. Зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті ведомство.
Электр бағаналарының бүлінуі салдарынан ауылдың 147 абоненті жарықсыз қалды. Оқиға орнында «Көкше-энерго» ЖШС-ның апаттық тобы жұмыс істеуде.
Сондай-ақ құтқарушылар атап өткендей, Бестөбе кентінде де үш тұрғын үйдің шатыры зақымдалған.
«Степногор қаласының әкімдігі елді мекендерге келген шығынды бағалау үшін, табиғи апаттың салдарын жою үшін комиссия құрды», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.