Ақмолада екі жылдан бері алғаш рет үшем дүниеге келді

үшем
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысының Зеренді ауданында үшем дүниеге келді.

Бір ұл және екі қызды дүниеге әкелген — Гранитный ауылының тұрғыны Мақпал Жүнісова. 

Ол осы жылдың 3 шілдесінде Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталды орталығында босанған.

Бірінші дүние есігін ашқан ер бала — салмағы 2 кг 377 грамм, бойы 46 см, екінші болып қыз бала — салмағы 2 кг 43 грамм, бойы 44 см, үшінші нәресте — салмағы 2 кг 221 грамм, бойы 44 см болып туды.

Бұл отбасында бұдан басқа тағы үш бала бар.

үшем
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі кезде ана мен сәбилердің жағдайы жақсы. 

«Қазіргі кезде нәрестелердің жағдайы бірқалыпты, анасымен бірге арнайы бөлмеде тынығып жатыр. Медициналық персонал жаңа туған нәрестелерді күтіп бағуға және емізуге көмектеседі. Ота штаттық режимде сәтті өтті, 41 минутқа созылған операция барысында ешқандай ауытқу болған жоқ», — деді Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Ангелина Корнилова.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасында өңірде үшемнің тууы — өте сирек кездесетін құбылыс.

Соңғы рет үшем өңірде 2022 жылы дүниеге келген. 2024 жылдың бес айында өңірде 4 мың 449 бала туды, оның ішінде 36 егіз, яғни 72 бала.

Ал, үшем биыл алғаш рет тіркеліп отыр.

Айта кетсек, бұдан бұрын Шымкентте үшем дүниеге келгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар