Ақмолада химиялық қоспасыз биокосметика шығарылмақ
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ешқандай химиялық қоспасыз отандық биокосметика шығаратын ғылыми орталық ашу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Степногорск қаласында отандық биокосметика шығаратын «RE-BIOMED» ғылыми орталық ашу жобасы жүзеге асырылуда. Инвестициялық жобаның құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұнда бетке арналған сергіткіш (тоник) және жақпамай тәрізді биокосметика түрлері шығарылатын болады. Орталық ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады.
Кәсіпорын басшысы Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, «RE-BIOMED» компаниясының биокосметикаларында химиялық қоспалар жоқ. Таза органикалық компонеттерден тұрады. Сол себепті де қолданған кезде ұзақ мерзімде және 70 пайыз оң әсер етеді.
«Компания мамандары Канада және Германия елдерінде дайындықтан өтеді. Қазіргі кезде кәсіпорында жергілікті 15 адам еңбек етуде. Кәспорының жылдық қуаты 3 миллион құты 20 миллион ампул өнім шығаруға жетеді. Ал өнімнің бағасына келетін болсақ, әрбір биокосметикалық заттың құны 3-7 мың теңге аралығында саудаға шығарылатын болады. Қазіргі кезде сауда нүткелері анықталуда. Өнімді негізінен Қазақстан мен Ресейге нарығына шығару жоспарда бар», - дейді Ж. Кенжебаев.