Ақмолада қазақ тілін дамыту жұмысы қалай басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен жиында қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл бұрынғы Ақмола қаласында қазақ тілін дамыту жұмысы қалай басталғанын әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"90-жылдары Ақмоладағы жігіттер тілімізді қорғайық деп, осында "Қазақ тілі" қоғамын құрғанбыз. Ол республикада ең бірінші қазақ тілі қоғамы болды. Алматыдағы қоғам үш айдан кейін құрылды. Сол кезде қолымызға қағаз-дәптер алып, құдайдың құтты күні жұмыстан кейін үйлердің есігін қағатынбыз. Бір есікті ашасың, орыс ашады. "Извините, пожалуйста, Мурат каком этаже?" де өтірік сұрайсың, "Никого Мурата не знаю!" деп есікті гүрс еткізеді. Содан келесі есіктен бір қазақ шығады. "Қазақ сыныптарын ашайын деп едік, балабақша ашайын деп едік. Соған топтарға бала жинап жүрміз. Балаңды бересің бе?" десең, "Не сандалып жүрсің!" деп ол есікті гүрс еткізеді. Үшінші бір есікте "Ойланайық!" дейді. Төртінші есікке барғанда келіседі. Міне, осылай-осылай біз жаз бойы, күз бойы балаларды жинап, сол жылы қазақ балабақшасын аштық. Бәрі содан басталды", - дейді Алдан аға.
Оның айтуынша, бір жылдың ішінде 10-15 мектепте қазақ сыныптары ашылды. Содан қазақ мектептері көптеп ашыла бастады. Үш-төрт жылдың ішінде облыс бойынша ондай мектептердің саны 92-ге жетті. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр да "Қазақ тілі" қоғамының бастамасымен ашылған болатын.
"Республика бойынша алғаш рет осындағы ауыл шаруашылығы инстиуты, медициналық институт, инженерлік-құрылыс институты, педагогикалық институт жанынан бүкіл факультеттерді қазақ тілінде білім беретін қылдық. Ондай болған емес. Сол кезде жоғары оқу орындарындағы қазақ азаматтары көздің майын тауысып, оқулықтарды аударды. Соның бәрін типографиядан жаман сары қағаздарға басып шығардық. Сөйтіп, қазақ бөлімдері ашылды. Артынан деканаттар құрылды. Жаңғыру" деген осы ма? Осы. Жаңғыру үшін осылай жұмыс істеу керек. Ағайын, менің бұны айтып отырғаным, жаңғырғыларың келсе, өскілеріңіз келсе, сөзді қойып, осылай жұмыс істеу керек. Жасың жетпісте ме, бірде ме, елдің арасына шық та, әлгіндей жұмыс істе", - деп атап көрсетті Алдан Смайыл.