Ақмолада көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары пысықталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар ауданында «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында азаматтық қорғау авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу барысында басқару органдарының тәжірибелік дағдыларын жетілдіру мәселесі, сондай-ақ, 2019 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде ықтимал төтенше жағдайларды жою мақсатындағы авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу барысында азаматтық қорғау құрамалары мен авариялық-құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылының үйлесімділігі пысықталды. Республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуына 2714 адам және 952 техника тартылды.
ҚР ІІМ ТЖК вице - министрі Юрий Ильин республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының сәтті өткенін атап өтті.
«Аймақта биыл ылғал мол. Бұл бізді алаңдатып отыр. Жердің қату тереңдігі де орасан. Сол себепті Ақмола, Қарағанды облыстарында қауіпті аймақтар күні бұрын белгіленіп қойды. Бүгінгі оқу-жаттығу шаралары да көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған. Қазіргі кезде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өңірдегі көктемгі су тасқынының қаупі бар жерлерді ерекше бақылауға алып отыр», - деді Юрий Ильин.