Ақмолада коронавирусқа қарсы вакцинация науқанына дайындық қалай жүріп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жақында COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші партиясы келіп түседі. Бұл үшін өңірде барлық дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмолада коронавирусқа қарсы вакцинация науқанына дайындық қалай жүріп жатыр

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен аймаққа ресейлік «Спутник V» векторлық вакцинасының 1100 дозасы түседі.

Вакцинацияны бірінші кезекте жұқпалы аурулар ауруханаларының, медициналық жедел жәрдемнің, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің, қабылдау бөлмелерінің, стационарлық көмек көрсететін медицина қызметкерлері, КВИ бар пациенттерге тікелей қатысы бар санитарлық – эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері алады.

«Облыста вакцина салу жұмысы 24 егу пунктінде жүргізіледі, кейін қалған партия түскен кезде қалған егу кабинеттері мен көшпелі бригадаларды іске қосу жоспарлануда. 1104 медицина қызметкері жұмысқа тартылып, дайындалды», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов.

Ведомствоның басты міндеттерінің бірі - препаратты тасымалдау үшін температуралық жағдайды қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда аймақта вакцинаны сақтау үшін - 43°С дейін қатыру диапазоны бар 4 мұздатқыш камера, 19 мұздатқыш камера, 119 термоконтейнер, 33 тоңазытқыш сөмке, 448 салқындатқыш элемент бар.

Облыстың медициналық ұйымдары үшін тағы 215 мұздатқыш жабдық сатып алынуда.

Облыс қоймасынан аудандық/қалалық деңгейдегі қоймаларға дейін вакцина авторефрижераторда арнайы термоконтейнерде жеткізіледі.

Қазақстан Республикасының халқын коронавирусқа қарсы ерікті вакцинация 2021 жылғы 1 ақпанда басталады.