Ақмолада қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ақмолада қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері анықталды

«Ақмола облысының полицейлері жүргізген «Шырша» жедел алдын алу шарасы нәтижесі бойынша 11 табиғат қорғау заңнамасының бұзылғаны белгілі болды. Оның ішінде жаңа жылдық шыршаларды заңсыз кесудің 5 фактісі, рұқсат етілмеген жерде заңсыз сату бойынша 3 факті тіркелді. Осыған байланысты ҚР ҚК 340-шы және ҚР ӘҚбК 204-ші баптары бойынша іс қозғалды», делінген ПД баспасөз қызметінің мәліметінде.

Мәселен, желтоқсанның 19-да Біржан сал және Бұланды аудандарының аумағында ағаштарды заңсыз шабу, дайындау, тасымалдау және сатуды анықтау, сондай-ақ бұндай әрекеттердің жолын кесу бағытында жүргізілген рейд кезінде қылқан жапырақты 15 ағаш пен 6  қарағайдың заңсыз кесілгені анықталды. Осы екі оқиғаға байланысты ҚР ҚК 340 бабының 2 бөлігі бойынша (заңсыз ағаш кесу) іс қозғалды.

Айта кету керек, орманда заңсыз ағаш кескен адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның ішінде  200 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 60 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Егер де кесілген және жойылған ағаш орман қорына есебінде болса, онда 300 АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе 75 тәулікке қамалуы мүмкін.

Ал, ҚР ӘҚбК 204-бабы бойынша жергілікті атқарушы органмен белгіленбеген, рұқсат етілмеген жерде шырша саудалаған тұлғаға  ескерту немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

«Шырша» жедел алдын алу шарасы жаңа жыл мерекесіне дейін жалғасады.