Ақмолада мәдениет нысандарын жөндеу бойынша 38 жоба қолға алынған
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына өңірдегі мәдениет және архивтер нысандары бойынша жалпы сомасы 1,3 миллиард теңге болатын 38 жоба енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Аталмыш жобаларды жүзеге асыру шеңберінде облыстың аудандары мен қалаларында мәдениет нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу жоспарланған.
Жақында Жарқайың ауданында Уәлиханов ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Мәдениет нысанының ғимаратында ішкі үй-жайларға жөндеу жүргізілді, автоматты өрт дабылы, жылыту жүйесі, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі орнатылды, электрмен жабдықтау жүйесі толығымен жаңартылды.
Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 12 адам жұмысқа орналасты.
«Ғимарат сырты толығымен жаңартылды, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Асфальт жолдар төселді, ғимараттың қасбеті мен периметрі бойынша төсемдер төселді, гүлзарлар орнатылды. Көктемде ағаштар мен гүлдер отырғызылады. Қазіргі уақытта театр креслоларын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, сахнаға арналған жабдықтарға тапсырыс берілді. Кітапханада жиһаз жаңартылды, кітапханада Коворкинг орталығын ашу жоспарлануда», - деп атап өтті аудан әкімдігіндегілер.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста осы бағдарлама бойынша мәдениет саласында 27 жобаны жүзеге асыру аяқталды.