Ақмолада мас жүргізушілердің кінәсінен үш адам көз жұмып, 36 адам жарақат алды
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 134 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Биылғы жылы Ақмола облысында жол-көлік оқиғасының саны 3,5 есеге артты. Соның салдарынан бес бала көз жұмып, 117 адам жарақат алды. Кейбір жүргізушілердің жауапсыздығы мен жол қозғалысы ережелерін сақтамауы жол апаттарына әкеліп соғып отыр. Сонымен бірге, биыл Ақмола облысында мас күйінде көлік жүргізу дерегі былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқаны байқалып отыр. Жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 25 апат орын алып, үш адам көз жұмды және 36 адам жарақат алды», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полковник Аслан Қызбикенов.
Сонымен бірге, басқарма басшысы атап өткендей, мас күйде көлік айдаған 31 ақмолалық жүргізуші колонияларда тиісті жазасын өтеуде. Бұдан бөлек, жүргізу құқығынсыз көлікті басқарғаны үшін 2 мың 91 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде бұрын көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған 368 адам бар.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында мотоцикл мінген әйел мен ер адам жол апатынан көз жұмған еді.