Ақмолада массаж салонының иесі полицияға пара ұсынған

КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат-Полиция қызметкеріне пара бермек болған Көкшетау тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолада массаж салонының иесі полицияға пара ұсынған

Ведомствоның дерегі бойынша, ағымдағы жылдың мамыр айында жедел-іздестіру шарасы кезінде Көкшетау қаласындағы массаж салондарының бірінде интимдік қызмет көрсету оқиғасын анықтады.

Заңсыз бизнесі үшін қылмыстық жауапкершіліктен құтылмақ болған 23 жастағы массаж салонының иесі полиция қызметкеріне 150 мың теңге көлемінде пара ұсынған. Тәртіп сақшысы қызметтік міндетін орындау кезінде парадан бас тартып, өзінің тікелей басшылығы мен өз қауіпсіздігі басқармасына жемқорлық қылмысы туралы хабарлаған.

«Мамырдың 29-да құқық бұзушы ақша ұсыну кезінде ұсталды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігі («Пара беру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп айтты ведомстводан.

Сонымен қатар, ұсталған массаж салонының екі әкімшісіне қатысты ҚР ҚК 309-бабының 1-бөлігі («Жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін қорда ұйымдастыру және ұстау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.