Ақмолада мемлекеттік қызметтердің 634 түрі электронды форматқа ауыстырылды

«Көрсетілетін мемқызметтердің сапасын арттыру - департаменттің басым бағыттарының бірі. Соңғы бірнеше жылда бұл салада айтарлықтай өзгерістер орын алды. Әлеуметтік маңызы зор нормативті құқықтық актілер қабылданды, мемлекеттік аппарат құрылысына өзгертулер енгізілді. Бүгінгі таңда қызмет беруші мен қызмет алушы арасында байланыс азайғандықтан және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің көпшілігі электронды түрге ауыстырылғандықтан, елімізде тұрмыстық жемқорлық 2-3 есе азайды» - дейді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дархан Хайруллин.
Ведомствоның айтуынша, өткен жылы Ақмола облысының мемлекеттік органдары және ішкі ведомстволық ұйымдар 5 746 560 қызмет көрсетті, оның ішінде 3 757 858 қызмет немесе 65,4 пайызы жергілікті атқару органдарына, 1 988 702 қызмет немесе 34,6 пайызы орталық мемлекеттік органдардың аймақтық бөлімшелеріне тиесілі.
Осылайша, мемқызметтердің 76,5 пайызы электронды форматта көрсетілген. Жалпы, қазіргі уақытта электронды үкімет арқылы 634 қызмет пен сервистерге қол жеткізілді, оның ішінде 235 электрондық қызмет пен «электрондық үкімет» сервистері, 80 электрондық лицензия, 51 ескерту және 268 электрондық рұқсаттама бар.
«Есептік кезеңде көптеген нәтижелерге қол жеткіздік. Мысалы, 76 қызмет бойынша мемлекеттік қызметтердің мерзімдері қысқартылып, талап етілетін құжаттар тізімі азайды. Транспорттық құралды тіркеуге электронды түрде өтініш беру мүмкіндігі жасалды, ресми сатушылардан жаңа көлік сатып алу барысында көліктерді тексеру жойылды» - дейді Дархан Хайруллин.
Сонымен қатар, баланың тууына байланысты проактивті қызмет іске қосылып, ол азаматтардың ХҚО-на немесе порталға жүгінуінің қажеттілігін жойды. Бұл үрдіс автоматты түрде ақпараттық жүйелермен әрекеттесу арқылы жүзеге асырылады. Проактивті әдіс арқылы шамамен 60 мың бала тіркелді.
Бұдан бөлек, жасы бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша кешенді қызмет іске қосылды. Бұған дейін аталған қызметтерді алу үшін әрбір қызмет бойынша өтінім қажет болатын. Ендігі кезекте бір рет өтінім білдіріп, әрі қарай әрекеттестік үрдерістері меморгандар мен мемлекеттік корпорация тарапынан ұйымдастырылады.