Ақмолада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 1000-нан астам іс-шара өтеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Наурыз мейрамы қарсаңында 1000-нан астам мерекелік іс-шара өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Ақмола облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше, мерекелік онкүндікте 14-24 наурыз аралығында ауқымды жобалар жоспарланған, олардың ішінде: «Әжемнен қалған асылым» атты сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен кездесу, шеберлік сыныптарын өткізу, ұлттық ойындар ұйымдастыру, «Босағаның құдіреті келін», «Мисс Наурыз-2023» сұлулық байқаулары, «Көктем шуағы» көшпелі концерттік бағдарламалары, «Наурыз нақыштары» қылқалам шеберлерінің байқауы, «Ғылым – теңіз, білім – қайық» зияткерлік сайысы, «Дәстүрім асыл қазынам» қалалық байқауы, «Ұлттық киім – ұлт мәдениеті» ұлттық киімдері челленджі және басқалары бар.


Наурыз мейрамының мерекелік онкүндігін 14 наурыз күні «РИО» СОО-да облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік концерттік бағдарламасы ашты. Көкшелік тұрғындар назарына сауда ойын-сауық орталығының қонақтарына қазақтың ұлттық тағамы-бауырсақ таратылды.


Сол күні №1, №3 қалалық автобус бағыттары бойынша «Наурыз-Думан» мерекелік шеруі өтті. Қала тұрғындарын келе жатқан Ұлыстың ұлы күнi — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын сақтау және дамыту мақсатында автокөлiк жолаушыларына бiрқатар тақырыптық сұрақтар қойылып, қызықты мағлұматтар ұсынылды. Көлік жолаушылары шабыттана қазақ ұлттық әндерін жүргізушілермен бірге қоса орындады.


«Қайырымды Ұлт» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы аясында «Аялау» орталығы тәрбиеленушілеріне тәтті сыйлар тарту етілді.

Әдебиет және өнер музейінде ұлттық ән өнерінің және ұлттық мәдениеттің дамуына орасан үлес қосқан ақын, әнші-композитор, журналист Кәрім Ілясовтің 95 жылдығына орай «Арқаның арқалы әншісі» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Ұлттық өнерді сақтай отыра, ақын мәңгілікке туған өлкесі тарихында өшпес із қалдырды.

Қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, қолданбалы шығармашылығын насихаттау мақсатындда облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығымен «Ата – әулеттің тірегі, әже –ұрпақтың жүрегі» атты облыстық фестиваль-байқауы ұйымдастырылады. Іс-шараға облыстың 15 аудандарынан ата-апалар қатысады. Фестиваль ережесіне сәйкес, қатысушылар шығармашылық дағдылары мен өнерлерін ортаға салады.

Іс-шаралар қатары аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы сүйікті көрермендерін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанованың жеке концертіне шақырады.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сандықтағы музей» жобасының тұсаукесерін ұсынады. Жоба аясында музей қызметкерлері жыл төңірегінде қаламыздың мекемелері мен кәсіпорындарына шығып, сандықтағы жәдігерлердің тарихы жайлы ақпарат береді.

Халық қолөнерін дәріптеу, оны көпшілік арасында өзекті ету және қолөнер шеберлеріне тәжірибе алмасу және дағдыларымен бөлісу үшін алаң ұйымдастыру мақсатында Көкшетау қаласының тарихы музейі «РИО» сауда ойын-сауық орталығында қала тұрғындары назарына «Наурыз кестелері» атты ұлттық шеберлер көрмесі өтеді. Көрме аясында жергілікті қолөнершілердің қолымен жасаған құрақ-көрпе, ағаш, тері бұйымдары көпшілік назарына ұсынылады.

Кішкентай көрермендер назарына облыстық театрларлардың бірнеше сахналық алаңдарда Наурыз мейрамына орай «Наурыз көже» ертегісі, «Наурыз приходит в каждый дом!» атты балаларға арналған ойын-сауық шоу-бағдарламасы өтеді.

19 наурыз күні «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз» мерекелік концерттік бағдарламалар, кітап жәрмеңкелері, викториналар, балалар байқаулары ұйымдастырылады.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Көкшетау» мәдениет сарайында «Наурыз – ұлттық мереке, ұрпаққа өнеге» атты қазақ халқының салт-дәстүрлері фестивалі өтеді.


Соңғы жаңалықтар