Ақмолада облыстық «Ақ бидай» жазғы спартакиадасы өтіп жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Есіл ауданында жазғы 31-ші облыстық «Ақ бидай» спартакиаданың алауы жағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан спартакиада биыл Есіл қаласының 55 жылдығына арналып отыр. Есіл қаласындағы орталық стадионда өтіп жатқан жарысқа әуесқой және кәсіпқой спортты жандарына серік еткен, облысымыздың екі қаласы мен барлық аудандарынан барған командалар қатысуда.
Спартакиаданың ашылуына қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасарыАйна Мысырәлімова өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің атынан спартакиадаға қатысушыларды құттықтап, өңірімізден есімдері әлемге, республикамызға танымал көптеген спорт саңылақтары шығып отырғандығын айта келе, Елбасы Жолдауында тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту міндеті қойылғанын атап өтті және спортшыларға дүбірлі додада сәттілік тіледі. Сондай-ақ, отандық эстрада жұлдызы Қайрат Баекенов, «Формат» және «Килиманджаро» топтарының орындауындағы әсем ән мен «Arlan-girls» қыздарының мың бұралған биі есілдіктерді шалқыта түсті.
Жарыс ерлер мен әйелдер арасында футбол, волейбол мен баскетбол, шахмат тәрізді спорттың бірнеше түрлері бойынша өтуде.
«Облыстық деңгейдегі спартакиада жергілікті жас спортшылар үшін республикалық, әлемдік додаларға апарар жолдағы алғашқы баспалдақ. Өткен жылдағыдан гөрі, биыл қатысушылардың саны көп. Сондықтан, жарыс тартысты өтетініне сенімдімін, деп атап өтті Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев.