Ақмолада оқушылар арасында КВИ жұқтыру көрсеткіші төмендеп келеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында оқушылар арасында коронавирусты инфекциямен сырқаттану төмендеді. Қашықтан оқыту форматына ауыстырылған сыныптар жоқ. Бұл туралы брифингте облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Эпидемиологтардың бағалауынша ақмолалықтардың ауру жұқтыру көрсеткіші үш жарым есе төмендеген. Соңғы аптада 722 жағдайға аз тіркелді.
Дегенмен, оқушылар арасында да коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары бар.
«Бүгінгі таңда оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші төмендегені байқалады. Күніне 10 жағдайға дейін тіркеледі. Соңғы тәулікте бұл көрсеткіш жетіге түсті. Бүгінде қашықтан оқыту форматына көшірілген сыныптар жоқ», - деді Айнагүл Мусина.
Мектеп жасына дейінгі балалар арасында соңғы тәулікте жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ.
Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері атап өткендей, бұл санаттағы балалар коронавирус инфекциясымен ауыра бастады.
Сонымен бірге, ол жүргізіліп жатқан вакцинация және ревакцинация науқанын еске салды.
«Комирнати вакцинасының толық курсын 139 жүкті әйел алды. Бұдан бөлек, лактация кезіндегі 1 587 әйелге, 12-17 жас аралығындағы 4 673 жасөспірімге вакцина салынды», - деп толықтырды Айнагүл Мусина.
Еске сала кетсек, «Комирнати» вакцинасын алатын тұлғалар контингенті кеңейтілді. Олардың арасында бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ вакцинаның бірінші дозасын шетелде алғандар бар.
Жалпы, ревакцинациядан 92 839 ақмолалық өтті, бұл - тиісті халықтың 43,2 пайызы.