Ақмолада осымен екінші рет жоғалған колледж студенттері іздестіріліп жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жоғалып кеткен екі студент қыз іздестіріліп жатыр. Олар осыған дейін де бір рет жоғалып, полиция тапқан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мамырдың 23-де сағат 20:59 кезінде Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне Солтүстік Қазақстан облысының 21 жастағы тұрғыны хабарласқан. Оның айтуынша, мамырдың 20-да кәмелет жасына толмаған 27 қыркүйек 2005 жылы туған сіңілісі Елена Александровна Борзун 9 қаңтар 2004 жылы туған құрбысы Марина Андреевна Прозеревамен бірге колледж жатақханасынан кетіп қалған. Содан бері олардың қайда жүргені белгісіз», - деді ведомстводан.
Айта кетейік, аталмыш студенттер биылғы мамырдың 19-да колледжден қашып, кейін арада 7 күн өткен соң туыстарына қайтып келген болатын.
Артынша олармен әңгіме жүргізілген еді.
«Қазіргі кезде олардың қайда екенін анықтау үшін тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шарасын жүргізіп жатыр. Олардың таныстары мен туыстары сұралды. Сонымен бірге, Көкшетау қаласындағы бейнебақылау камераларындағы жазба тексерілуде», - деп толықтырды ведомстводан.