Ақмолада өзі жауапты болған мүлікке өзі қол салған теміржолшы сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында теміржол мүлкінің сақталуына жауапты қызметкер 14 дөңгелек жұбын ұрлауды ұйымдастырғаны үшін сотталды. Келтірілген шығын 16,3 млн теңгеден асты, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Тергеу материалдарына сәйкес, «Курорт-Бурабай» станциясының ағымдағы жөндеу учаскесінің шебері қызметтік жағдайын пайдаланып, теміржол мүлкін ұрлауды ұйымдастырған.
Қылмыстың салдарынан 16,3 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Кейін зиян толық көлемде өтелді.
— Бурабай аудандық соты теміржолшыны қызметтік бабын пайдалана отырып ұрлық жасау және сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету қылмыстары бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, — делінген сот үкімінде.
Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушының өтінішхаты бойынша сот «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Астана эксплуатациялық вагон депосына» құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы жеке қаулы шығарды.
Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Ақтөбеде екі теміржолшыны күйік шалып, жансақтау бөліміне түскенін жазғанбыз.