Ақмолада су тасқынының алдын алуға қызу дайындық жүріп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында көктемгі су тасқынына қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Апатты болдырмау үшін өңірдегі елді мекендерде жергілікті билік пен құтқарушылар бірлесіп, қар тазалау және бөгеттер тұрғызу сияқты шараларды қолға алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмолада су тасқынының алдын алуға қызу дайындық жүріп жатыр

Су тасқынының алдын алу мақсатында өткен жылдың жазынан бастап облыста Көкшетау қаласы мен 14 аудандағы елді мекендерде инженерлік қорғау бойынша іс-шаралар өткізілді.

Бұл су бұру арналарын жайластыру, кеңейту және тереңдету, 22 мың өзен арнасын тазарту, 27 км астам су бұру арнасын тазарту, бөгеттерді топырақпен нығайту және ұлғайту, 10 км астам бөгеттерді жөндеу, 20 бірлік су өткізу құрылыстарын жайластыру сияқты шаралар.

Елді мекендерден қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазірдің өзінде 313 мың текше метр қар шығарылды.

Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаевтың айтуынша, кейбір елді мекендерде ауа райына байланысты су басу қаупі сақталады.

«Жол картасы іс - шаралары мен басқа да жоспарлардың орындалуы 20 елді мекенді су басу қаупін толығымен жоюға және су тасқыны әсеріне ұшыраған 80 елді мекенді азайтуға мүмкіндік берді», - деді Қанат Доспаев.

Су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне жедел әрекет ету үшін ведомствоға қарасты бөлімшелердің күштері мен құралдары әзірленді.

Оның ішінде 2598 адам, 1067 техника, 248 мотопомпа, 12 моторлы қайық және 35 жүзу құралдары бар.