Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақмолада судағы қауіпсіздік ережелерін елемеу 33 адамның өмірін қиды

АСТАНА. KAZINFORM — Қайғылы статистиканы Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев жариялады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмолада судағы қауіпсіздік ережелерін елемеу 33 адамның өмірін қиды
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Спикердің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы аймақ суларында 33 адам, оның ішінде сегіз бала көз жұмды. 

— Өткен демалыс күндері, яғни екі күн ішінде алты адам, оның ішінде екі бала суға батып кетті. Көп жағдайда адамдар тыйым салынған, белгіленбеген шомылу орындарында суға батты. Ересектер көбіне алкогольдік мас күйінде жүрсе, балалар қараусыз қалады. Кейбір жағдайларда ата-аналар балаларының суға жақын жүргенін білмеген. Суға батумен қатар адамдар басын ұрып немесе жай ғана суда өзін нашар сезінгеннен тіпті таяз суда да құлап, тұншығып қалған оқиғалар бар, — деп атап өтті Ерсайын Қойшыбаев.

Спикер адамдар жақын жерде рұқсат етілген орындар болмаған соң көбіне тыйым салынған жерлерде шомылатынын айтты.

— Облысымызда 20 аудан бар, бірақ ресми түрде бекітілген жағажайлар саны тек 16. Жасанды су қоймалары мен шұңқырларды есептемегенде аймақта шамамен 800 табиғи су айдыны бар. Олардың ішінде біз сұраныс бойынша 108 жағажайды тексердік, олардың 86-сы шомылуға жарамды деп танылды. Бірақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұйрығына сәйкес, қазіргі уақытта бізде жүзуге рұқсат етілген тек 16 жабдықталған жағажай бар, — деп атап өтті Е.Қойшыбаев.

Мысал ретінде Көкшетаудағы Қопа көлін алуға болады. Құтқарушы атап өткендей, ол тиісті түрде жабдықталмаған: қалқыма белгілер, қоғамдық құтқарушылар немесе құтқару жабдықтары жоқ.

— Қопа көлінде жүзуге тыйым салынған — барлық жерде «Жүзуге болмайды» деген белгілері орнатылған. Теориялық тұрғыдан алғанда, біз демалушыларды суда қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 412-бабы бойынша күн сайын жауапқа тарта аламыз. Бірақ біз мұны істемейміз, себебі күн сайын, әсіресе демалыс күндері мұнда 1000-нан астам адам шомылып жүр. Егер барлығын жауапқа тартсақ, қоғамдық наразылық туындайды, сондықтан біз алдын алу шараларын күшейттік, — деп қосты Е.Қойшыбаев.

Құтқарушылар суда екі ауысымда жұмыс істеп жүр, бірақ олар физикалық тұрғыдан Қопа көлінің бүкіл жағалауын қамти алмайды. Жаз басынан бері мас күйінде болған екі ер адам суға батып кетті.

Осыған дейін Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 17 адам суға кетіп көз жұмғанын жаздық. 

Қазақстанда биылғы шомылу маусымы басталғалы суға батып қаза болған балалардың барлығы ересектердің қарауынсыз болған.