Ақмолада сынама алынған 1550 өнімнің 7,5 пайызы техникалық регламенттерге сәйкес келмейді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өнім қауіпсіздігін тексеру қорытындылары өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінде жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмолада сынама алынған 1550 өнімнің 7,5 пайызы техникалық регламенттерге сәйкес келмейді

Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылдың бес айында 1550 өнім үлгісі сатып алынды, оның ішінде 117 сынама (7,5%) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді. Мәселен, тамақ өнімдерінің 915 үлгісінің 66-ы (7,2%), азық-түлік емес өнімдердің 638 үлгісінің 51-і (8%).

«Халық тұтынатын тауарлар арасында Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеу бойынша жетекші орынды ет өнімдері - 14,8%, құс еті және құс өнімдері - 13%, балық өнімдері - 11,3%, жарма өнімдері - 7,1%, сүт өнімдері 6,5% алады. Азық-түлік емес топтардан жеңіл өнеркәсіп өнімдері - 42,2%, балалар ойыншықтары - 28,7%, балалар заттары - 11,1% және парфюмерлік-косметикалық өнімдер - 1,3%», - деп атап өтті ведомстводан.

Сәйкессіздіктің 75%-дан астамы өнімді таңбалауға келеді, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша - 7,7%, физика-химиялық көрсеткіштер бойынша - 9,4%, тұтынушыны алдау - 6%.

«Салыстырмалы талдау облыстың ішкі нарығында айналыста жүрген, анықталған сәйкес келмейтін өнімнің ең көп пайызы импорттық өнімнің үлесіне тиесілі екенін көрсетеді – 79,6%. Бұл жеткізушілер мен сатушылардың сапасыз және қауіпсіз емес өнімді сәйкестік құжаттарынсыз, сондай-ақ тауарға ілеспе құжаттарсыз әкелгенін айғақтайды. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты анықталған бұзушылықтардың барлық деректері бойынша Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 63 нұсқама берілді», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында тексерілген 85 су қоймасының 78-і шомылуға жарамды екені жарияланды .