Ақмолада тәртіп сақшылары жетім қызға тиесілі пәтерді қайтаруға көмектесіп жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай аудандық полиция бөлімінің, аудандық прокуратура органдары және әкімдік қызметкерлері бірлесіп, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 2001 жылғы бойжеткенге жетім ретінде мемлекет тарапынан берілген пәтерін қайтарып беруге көмектесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, бұл туралы ақпанның 10-да Бурабай аудандық полиция бөліміне аудандық білім бөлімінің қызметкерлері хабарлаған.
2013 жылы зардап шегушіге соғыс ардагерлері, интернационалист жауынгерлер және көпбалалы отбасылармен қатар Щучинск қаласында қалпына келтірілген 90 пәтерлі тұрғын үйден баспана беріледі.
«Осы кезде жәбірленушінің өгей ағасы, 1993 жылғы қарындасына қамқоршылықты рәсімдейді. Бірақ мемлекеттен алынған пәтерде ағалы-қарындас екі жыл ғана бірге тұрады. Қыз бала қамқоршысының достарымен ішімдік ішуіне және моральдық қысымына шыдай алмай туыстарына кетеді. Сол кезеңде өгей аға қарындасына қамқор болудан бас тартады және пәтерді бейтаныс адамдарға жалға береді» дейді ведомстводан.
Қазіргі уақытта құқық қорғау және атқарушы органдардың қызметкерлері тұрғын үйдің заңды иесі ретінде жәбірленушінің құқықтарын қалпына келтіру үшін қажетті және растайтын құжаттарды жинаумен айналысуда.
«Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 142-бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу шаралары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «келу туралы міндеттеме» процессуалдық шарасы таңдалды», - деп толдықтырды ведомстводан.