Ақмолада трактор пен мотоцикл соқтығысып, екі адам көз жұмды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында «К-701» тракторы мен мотоцикл соқтығысып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолада трактор пен мотоцикл соқтығысып, екі адам көз жұмды

Ведомствоның мәліметінше, тамыздың 28-де Жақсы аудандық ПБ кезекшілік бөліміне жергілікті ЖШС бірінің диспетчері хабарласып, мотоциклге отырған екі адамның ауыл арасындағы жолда «К-701» тракторымен соқтығысқанын және зардап шеккендер барын айтқан.

«Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері оның себебін анықтады. Белгілі болғандай, «К-701» тракторының 46 жастағы жүргізушісі ауыл арасындағы жолмен Белағаш ауылына жүріп бара жатқан. Сол кезде оған қарсы бағыттан шыққан «Racer» мотоциклі соғылған. Жол-көлік оқиғасынан мотоциклдің 26 жастағы жүргізушісі мен 36 жастағы жолаушысы алған дене жарақатынан сол жерде көз жұмды», - дейді ведомстводан.

Ведомстводан атап өткендей, қазіргі кезде «К-701» тракторының жүргізушісіне қатысты «шақырған уақытта келу міндетті» процессуалдық шарасы қолданылды. Сонымен бірге, ҚР ҚК 345 бабының 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.