Ақмолада туризм бизнесін қолдау бойынша мембағдарлама қалай жүзеге асып жатыр

туризм
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында туризм саласындағы бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр? Агенттік тілшісі пресс-тур аясында бірқатар нысанды аралап қайтты. 

Ақмола облысының табиғаты туризмді дамытуға өте қолайлы. Салаға үкімет тарапынан да қолдау көрсетіліп отыр. Өңірдегі туризм саласында қызмет ұсынатын кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін мемлекеттік субсидия есебінен жапқан. Соңғы екі жыл ішінде осы бағыттағы 17 кәсіпкер жалпы сомасы 119,7 миллион теңге мемлекеттік қолдау шараларына ие болды.

туризм
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

«2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидалары күшіне енді. 2022 жылы 14,6 миллион теңгеге 5 өтінім қолдау тапса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 10 өтінімге артып, субсидия көлемі 105,1 миллион теңге болды. Кәсіпкерлер үшін туризм саласында бизнесті дамытуда мемлекеттік қолдаудың пайдасы өте зор», - деп атап өтті журналистерге ұйымдастырылған баспасөз туры барысында Ақмола облысы туризм басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Омар.

Соның игілігін көріп отырғандардың бірі - Көкшетау қаласында қонақ үй және мейрамхана қызметін ұсынатын жеке кәсіпкер К. Бексұлтанова.

туризм
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

«Екі жыл ішінде жалпы сомасы 82,5 млн теңгеге «Volkswagen Crafter» шағын автобусы және «Yutong» автобусын сатып алсақ, оның 25 пайызы субсидия есебінен өтелді. Бұл - біз үшін үлкен қолдау», - дейді Көгершін Бексұлтанова.

Сонымен бірге, «Forest Camp» отелі және «Discovery Borovoe» демалыс орталығы да мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр.

туризм
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

Бурабай ауданында орналасқан нысан иесі сауықтыру және ойын-сауық орталығында хоккей корты мен бассейні бар жазғы террассаны салу кезінде шығындардың бір бөлігін өтеуге өтініш берген.

«Осы нысандардың құрылысына 165,4 млн теңге қаржы жұмсасақ, оның 16,5 млн теңгеден астамы субсидия ретінде өтелді», - дейді «Орленок» ЖШС директорының орынбасары, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Павел Безвербный.

туризм
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

Оның айтуынша, туризм - өңір экономикасының қарқынды дамып келе жатқан маңызды бір саласы. Щучье-Бурабай курорты еліміздегі туристік әлеуеті зор аймақ саналады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында туристер мен демалушыларға көрсетілетін қызмет түрлері айтарлықтай кеңейе түскен. 

туризм
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

Өңірде демалыс аймақтарының пайда болуы, туристерді тартуға зор үлес қосады. Осыдан бірер жыл бұрын Біржан сал ауданындағы Жүкей қөлінің жағасында ашылған «Орман және жұлдыз» демалыс аймағы соның бір айғағы іспеттес. Орталық мемлекеттік қолдаудың арқасында туристік қызмет көрсету сапасын арттырып келеді.

туризм
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

Айта кетсек, бұдан бұрын қысқы Бурабай теңдессіз әсем табиғатымен көз тартатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар