Ақмолада ұлын ұрған әке 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Сандықтау аудандық соты кәмелетке толмаған ұлына күш қолданған ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінген.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға әкесі мен 2015 жылы туған ұлының үйде болған кезінде туындаған жанжалдан басталған. Жанжал барысында ер адам баласының кеудесіндегі киімінен ұстап, құлағынан алақанымен ұрып, итеріп жіберген.
Сотта әкесі кінәсін толық мойындаған. Ал кәмелетке толмаған бала әкесін кешіріп, оны жазаламауды сұраған. Ол жанжалға өзін кінәлі санайтынын айтып, қазіргі уақытта оңалту орталығында жүргендіктен, үйіне оралғысы келетінін жеткізген.
Баладан сотта педагог пен психологтың қатысуымен жауап алынған. Жәбірленушінің қорғаушысы тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Алайда баланың заңды өкілі мен қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі маман бұған қарсы болған.
Педагог-психолог баланың мінез-құлқына ата-анасының тиісті көңіл бөліп, тәрбиесі мен бақылауын қамтамасыз етуі қажет екенін атап өткен. Сотта сынып жетекшісі де әкесінің баласының өміріне араласып, ата-аналар жиналысына қатысатынын және оқу үлгеріміне қызығушылық танытатынын айтқан.
Сот қандай шешім шығарды?
— Сот тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату туралы өтінішті қанағаттандырмады. Өйткені қылмыстық құқық бұзушылық кәмелетке толмаған балаға қатысты күш қолданумен байланысты болған. Жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін мойындап, өкінгенін, баланың әкесін кешіргенін, дене жарақаттары денсаулыққа зиян келтірмегенін және ер адамның материалдық жағдайын ескерді. Нәтижесінде Қ.-ға 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.
Сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын полиция балабақшада балаларды орындыққа байлап, ұрғандарға қатысты қылмыстық іс қозғағаны айтылды.