Ақмолада заңсыз ұйымдастырылған 16 ойын бизнесінің жолы кесілді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауға қатысты 29 қылмыстық іс бойынша 22 миллион теңге көлемінде шығын келтірілгені анықталды.
Оның 16 миллион теңгесі сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде қайтарылды. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Жандос Сматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағымдағы жылы департаменттің қарауында сотқа дейінгі 59 тергеу ісі болды. Оның ішінде 22 іс немесе 37 пайызы экономикалық салаға қатысты. Сотқа дейінгі 32 іс сотқа жолданып, белгілі себептермен тоқтатылды», - дейді Ж.Сматов.
Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары өңірде заңсыз ойын бизнесімен күресу шараларына тоқталды.
«Жедел іздестіру кезінде Көкшетау қаласы, Степногорск қаласының Бестөбе кенті және Целиноград ауданының Қосшы мен Қарөткел ауылдарында заңсыз жұмыс істеп тұрған 16 ойын бизнесі мекемесінің жол кесілді. Оның 7 букмекерлік кеңсесінде «электронды казино» жұмыс істеген. Құмар ойын қосымшасы бар 22 сары-жасыл ойын терминал тәркіленді. Тексеру кезінде 2 миллион теңге көлемінде ақша, телевизор, ноутбук, монитор және өзге де компьютер техникалары алынды. Осы ретте, экономикалық тергеу департаменті ҚР қолданыстағы заңамасында белгіленген жерден тыс, заңсыз құмар ойынын ұйымдастырған, ашқан және өткізген тұлғаға 5 050 000 теңге көлемінде айыппұл немесе мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын ескертеді», - дейді Ж.Сматов.