Ақмолада жарылған мұзда қалып қойған балықшы құтқарылды

None
None
ЕРЕЙМЕНТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мұз аралында қалған балықшы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, оқиға Ерейментау ауданында болған. Наурыз айының 25-і күні Степногор қаласының тұрғыны, 75 жастағы зейнеткер Леонид Рябошапко өзінің жеке көлігімен Сілетті су қоймасына балық аулауға барған. Төрт күн бойы су қоймасындағы мұздың үстінде балық аулаған зейнеткер 29 наурызда үйіне қайтпақ болады. Таңертең тұрған ол өзінің мұз еріп, жағаға жақын жердегі «Құнай» аралында тұрғанын байқайды.

Леонид Иванович тағы бірнеше күн аралда тұруға мәжбүр болады. Тек үрлемелі қайықтың көмегімен жағаға барып, жолдасы әкелген азық-түлік пен киім-кешектерін алып тұрған.

Зейнеткердің сөзіне қарағанда, автокөлігін қараусыз қалдырғысы келмеген. Алайда, зейнеткердің жүрек дертімен ауратындығы және кардиостимулятор қолданатындығы құтқару жұмыстарын шұғыл жүргізуді талап етті.

«Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен полицейлер құтқару шараларын жүзеге асырды. Бұған жергілікті тұрғындар да жұмылдырылды. Нәтижесінде демалыс орындарының катері мен қолдан жасалған салдың көмегімен Леонид Иванович пен оның автокөлігі жағаға шығарылды.

Осыған орай, Леонид Иванович өзін және автокөлігін мұз құрсауынан құтқарған ПБ бастығы Келден Сыздықов бастаған ерейментаулық полицейлерге алғысын білдірді», - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Соңғы жаңалықтар