Ақмолада жас геологтардың ашық далалық олимпиадасы өтіп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай курорттық аймағындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында жас геологтардың V Қазақстандық ашық далалық олимпиадасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмолада жас геологтардың ашық далалық олимпиадасы өтіп жатыр

Салтанатты жиында ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы - Ақбатыр Надырбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары - Қанат Ыдырысов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты - Галина Баймаханова, Ресей Федерациясының балалар-жасөспірімдік геологиялық қозғалысының орталық кеңесінің төрағасы, Жер қойнауын пайдалану бойынша федералды агенттіктің бас маманы - Светлана Яшина, «Мұнайшы-геологтардың қазақстандық ұйымы» АҚ президенті - Балтабек Қуандықов сөз сөйлеп, Олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.

Шара қонақтары Олимпиаданы ұйымдастырғаны үшін «Жас геолог» бірлескен қорына алғыс білдірді. Сондай-ақ Олимпиада жастардың кәсіптік бағытына, геология ғылымын зерттеуге оқушылардың қызығушылығын арттыруға, өсіп келе жатқан ұрпаққа геологияны ғылым ретінде дәріптеуге бағытталғаны айтылды.

Олимпиадаға 20 команда қатысып жатыр. Ресей Федерациясынан - 2,- Қырғыз Республикасынан - 2, Өзбекстаннан - 1 команда және Қазақстаннан 15 команда. Ал 2010 жылы І Қазақстандық Олимпиадада барлығы 8 команда қатысқан болатын. Атап өтетін жайт, жас геологтардың тек команда саны ғана емес, олардың дайындық деңгейі де өскен.

Олимпиада қатысушыларын геологиялық тілмелер мен карталарды құру, маршруттар салу, минерология және петрография негіздерінен білім сайыстары күтіп тұр.

Жас геологтардың V қазақстандық ашық далалық Олимпиадасы 27-шілде мен 3-тамыз аралығында өтеді.