Ақмолада «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы басталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмолада «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы басталды

Жобаның мүмкіндіктері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева мен «Zhasproject» жастарды дамыту жобасын үйлестіру агенттігі басшысының орынбасары Алена Баянбекова айтып берді.

Алена Баянбекованың айтуынша, «Zhasproject» жастар корпусын дамыту - Дүниежүзілік банктің және Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Үйлестіру агенттігі 2017 жылы қанатқақты жоба ретінде Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында қолға алып, өткен жылы оған Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары қосылды. Жоба қолға алынған екі жылдың ішінде оған 5508 жас тартылып, олардың тарапынан 1616 жоба ұсынылды. Қазіргі таңда ұсынылған жобалардың 1493-і сәтті жүзеге асырылды. Жобаға бөлінген гранттардың жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге, қатысушыларға 1 миллиард теңге стипендия төленді.

Жоба 2020 жылға дейін жалғасатын болады. Биыл бұл жоба Астана мен Алматы қалаларында және Атырау, Маңғыстау, Ақмола облыстарында бастау алады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталар болсақ, жастары 14-29 жас аралығындағы және сол жоба жүзеге асырылатын аймақта тұрулары қажет.

«Елбасымыз ұдайы жастарға ерекше көңіл бөліп, өзінің басты назарында ұстап келеді. Қазіргі таңда қай саланы алсаңыз да жастарға мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалуда. Биыл Жастар жылының жариялануы да соның айғағы іспеттес. Біздің облыс тұрғындарының 150 мыңға жуығы немесе 20 пайызы - жастар. Сондықтан, біздерге жастарымыздың өз кәсібін ашып, пайдалы істермен айналысқаны маңызды. Осы бағытта облысымызда жұмыссыз жастардың өзінің кәсібін ашып, шаруасын жүргізуіне, қоғамның мәселелерін шешуге атсалысуына барлық жағдай жасалып отыр. Бұл жолғы өте қызықты әрі теңдесіз «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы ақмолалық жастардың көңілінен шығады деп ойлаймын»,- дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.

Брифингте сөз болғандай, «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы шеңберінде жүзеге асырылатын әр жоба тек жастардың өзіне ғана емес, олар өмір сүретін қоғам үшін маңыздылығымен ерекшеленеді. Жалпы, биылғы жылы жобаға барлығы 3,5 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр.