Ақмолада «Жасыл ел» еңбек жасағының кезекті маусымы мәресіне жетті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының кезекті 14-ші маусымы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкшетаудағы Орыс драма театрында өткен жастар және студенттік еңбек жасақтарының облыстық «Жасыл ел» штабы еңбек маусымының жабылу рәсімінде қоршаған ортаны жасыл-желекке айналдырып, аймақ экологиясына үлес қосқан еңбек жасақтарының жұмысы қорытындыланып, үздіктер марапатталды.
Шараға облыстық жастар саясаты мəселелері басқармасының басшысы Тимур Ысқақов, мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың, жастар ұйымдарының өкiлдерi, «Жасыл ел» облыстық және қалалық штабтарының басшылары мен менеджерлерi, жастар еңбек жасақтарының сарбаздары қатысты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жасыл ел» бағдарламасының қолға алғанына 14 жыл болды. Осы аралықта жастар еңбек жасақтары мен экологиялық отрядтар аймақты көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Ақмола облысындағы еңбек жасақтары мен экологиялық республикалық шараларға белсенді қатысты. Биыл «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 14-ші республикалық еңбек маусымының ашылуы көп нәрсені аңғартады», - деді Тимур Ысқақов.
Сонымен қатар, салтанатты шарада биылғы еңбек маусымында белсенділік танытып, көзге түскендер «Үздік отряд», «Үздік командир», «Үздік сарбаз» және «Үздік жастар ресурстық орталығы» аталымдары бойынша марапатқа ие болды.
Шарада айтылғандай, биыл «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жастарды жұмысқа орналастыру бойынша Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 12 орман шаруашылығы қатысты. Бұдан бөлек, «Мұсабаев А.Е.» ЖК, Бурабай ауданындағы «Тазалық сервис» коммуналдық кәсіпорны, Жақсы ауданындағы «Пластик строй» ЖК, Шортанды ауданындағы «Ысқақов Н.Н» ЖК, «Егіндікөл жастары» ЖҚБ, Степногор қаласындағы «Құрылыс МТК» ЖШС, Көкшетау қаласындағы «Көкшетау ДЭУ» ЖШС және «Көкше-Тазалық» ЖШС тәрізді кәсіпорындар үлес қосты.