Ақмолада «Жігіт сұлтаны» аймақтық байқауының жүлдегерлері анықталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Көкшетауда Ақмола облысының 85 жылдығына, Біржан салдың 190 жылдығына, Балуан Шолақтың 160 жылдығына және Рақымжан Қошқарбаев пен Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналған «Жігіт сұлтаны» аймақтық байқауы мәресіне жетті.
Облыс орталығының іргесіндегі «Құлагер» атшабарында өткен байқауға Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Ақкөл, Бурабай, Бұланды, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді аудандары мен Астана, Қосшы, Көкшетау қалаларынан 20-30 жас аралығындағы 13 жігіт қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Бірінші кезеңде жігіттер өздерін таныстырып, өнерімен таң қалдырды, Біржан сал, Балуан Шолақтың әндерін орындады.
Екінші кезеңде қатысушылар жамбы ату, аударыспақ, гір көтеру, армрестлинг және қазақ күресі сияқты спорттық сайыстарда ептіліктері мен шеберліктерін көрсетіп, күш сынасты.
Екі күнге созылған байқау қорытындысы бойынша «Жігіт сұлтаны» аймақтық байқаудың бас жүлдесін астаналық Әли Ризабек жеңіп алды.
Зеренді ауданынан Хамза Айдын «Өнерлі жігіт» аталымымен, Егіндікөл ауданынан Тәттімбек Айбек «Білекті жігіт» аталымымен, тағы бір егіндікөлдік Санах Еркебұлан «Қайсар жігіт» аталымымен, Көкшетау қаласының Красный Яр селосынан Ысқақ Айбек «Жігерлі жігіт» аталымымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен қатысушылар ұйымдастыру комитетінің дипломдары және ақшалай сертификаттарымен марапатталды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев жаңа пәтер және 25 млн теңгенің ақшалай сертификатына ие болғанын жазған едік.