Ақмолада жоғалған 12 жасар бала әкесінің көлігінің жүксалғышынан табылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жоғалған бала әкесінің көлігінің жүксалғышынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолада жоғалған 12 жасар бала әкесінің көлігінің жүксалғышынан табылды

Ведомствоның мәліметінше, 30-қыркүйек күні Шортанды аудандық ПБ кезекші бөліміне 37 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, 12 жастағы ұлын іздеуге көмек сұраған.

Оның сөзінше, 29 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында, кешкі астан кейін ұлы үйден шығып кеткен.

Алдымен жоғалған баланы туыстары өздері іздеген, кейін полициядан көмек сұраған.

«Баланы іздеуге жедел-тергеу тобы, ювеналды полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды. Олар бірінші кезекте жоғалған баланың үйі орналасқан аумақты сүзіп шықты. Нәтижесіне бала әкесінің көлігінің жүксалғышында ұйықтап жатқан жерінен табылды», - деді ведомстводан.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінен атап өткендей, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін белгілер анықталмады, бала ата-анасымен қауышты.