Ақмоладағы аналар өлімі республикалық көрсеткіштен 7 есе көп – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның 6 өңірде ана өлімі, 5 өңірінде нәресте өлімі жоғары болып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бүгінгі Үкімет отырысында айтып берді.
– Жүйелі қабылданып жатқан шараларға қарамастан, 6 өңірде (Ақмола, Жетісу, Жамбыл, Абай, Ақтөбе,Қостанай) ана өлімінің өсуі байқалады. Әсіресе Ақмола облысында ең жоғары көрсеткіш республикалық көрсеткіштен 7 есе жоғары. Құрылымы бойынша ана өлімінің басым себептері: ауыр экстрагенитальды аурулар – 55% және акушерлік жағдайлар – 45 % болып отыр, – деді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен бірге, ана өлімінің әрбір жағдайына ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының барлық бейіндегі мамандары жан-жақты сараптама жүргізеді.
Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында нәресте өлімі көрсеткіші жоғары. Нәресте өлімі себептері бойынша бірінші орында перинаталдық кезеңдегі жағдай (47,7%), одан кейін туа біткен ақаулар (19,6%) және тыныс алу ағзаларының аурулары (7,6%) тұр.
– Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында үй жағдайында тіркелген өлім-жітім көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары. Осыған орай, медициналық ұйымдарды бейінді мамандармен жасақтауға, біліктілігін арттыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жүктілер мен балаларды облыс орталығына жеткізетін көлік бөлуге және осал топтағы фертилдік жастағы әйелдерді контрацептивтік заттармен қамтамасыз етуге әкімдерден жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды сұраймыз, – деді Деснаулық сақтау министрі.
Ана мен бала өлімінің фактілері бойынша 44 медициналық ұйымда жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Жамбыл және Ақмола облыстарындағы босандыру ұйымдарында ауқымды тексеру жұмысы ұйымдастырылды. Тексеру қорытындысы бойынша өңірлерде тіркелген кемшіліктерді жою бойынша жедел іс-шаралар бекітілген.
– Биылғы қыркүйек айынан бастап қадағалау функциясы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне беріледі (лицензияны тоқтата тұру және сертификат жоқ маманды жұмыстан шеттету). Сондай-ақ пациенттерді қолдау қызметтері мен біліктілік талаптары күшейтіледі. Өңірлерде медициналық көмектің сапасын басқару тиімділігін арттыру үшін KPI-ға сапа индикаторлары енгізілді, – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімі көрсеткіші 26%-ға төмендеді.
Ауылдық жерлерде жоғары сын-қатер тобындағы жүкті әйелдерді емдеуге жатқызуға, асқынған босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған «Салауатты ана» пансионаттары ашылып жатыр.
Бұған дейін Ақмарал Әлназарова ауылдық жерлердегі медициналық кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтып берген еді.
Сондай-ақ еліміздің 18 облысында перзентханалар жаңғыртылып, 12 қалада заманауи перзентханалар салынатын болды.