Ақмоладағы рухани өзгерістердің бастауында тұрған қазақ театрына жаңа ғимарат салынғаны орынды -С. Жалмағамбетова

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ақмоладағы рухани, мәдени өзгерістердің бастауында тұрған қазақ музыкалық драма театрына жаңа ғимарат салынғаны орынды. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Светлана Жалмағамбетова осылай мәлім етті.
None
None

Сөз басында депутат бірқатар жылдар бойы Ақмола облысындағы қызметте, кейін Парламентте өнердің жанашыры, қамқоршысы болып жүргендігін айтып, кезінде Ақмола облыстық Қазақ музыкалық драма театрының ашылуына өзінің де тікелей қатысы болғандығын мәлім етті.

«Осы театр орыстанып бара жатқан Ақмолаға жаңа леп, тың бетбұрыс пен өзгеріс әкелген еді. Театрдың төңірегінде барлық намысы бар қазақтар жиналып, бірігетінбіз. Ондағы әрбір премьераны үлкен оқиға ретінде қабылдап, соған қуанышымызды бөлісетінбіз. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет дала театрын құру да Ақмоладан бастау алған-ды. Қазақтың талантты әртісі Жақып Омаров Бөгенбай батырдың 300 жылдық тойында Ерейментаудың баурайында ашық дала спектаклін қойып, бұл кейін басқа облыстарға да үлгі болды. Бір сөзбен айтқанда Ақмола жеріндегі оң өзгерістер сол театрдың ашылуынан, қалаға түпкі атауын қайтарудан, бұрын болмаған мешіт салудан басталған болатын»,- деп еске алды сенатор.

Сонымен бірге, депутат кейіннен бұндай өзгерістердің Ақмоланың Астана болған тұсында да жалғасқанын тілге тиек етті. «Әрине, қазір қалада театр да өнер ұжымдары да көп. Бірақ, қазақ музыкалық драма театрының осы қалаға, жаңа астанаға тәуелсіз Қазақстанға жасаған еңбегі ерекше болатын. Менің ойымша, бұл әлі лайықты бағаланбай келеді», деді С. Жалмағамбетова. Оның айтуынша, Тәуелсіздікпен түйдей құрдас театр 20 жылдығында ескі ғимаратын өзгерте алмай, баяғы көне қалпында әлі күнге дейін тұр. Бұл жылдары елордада көптеген мәдениет ошақтарының салынғанын айтқан сенатор, қазақ театрына кезек жетпей келетініне қынжылыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар