Ақмолалық абайсызда өзінің 1 жастағы қызын басып, мерт қылды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының Целиноград ауданында 30 жастағы ер адам көлігімен абайсызда өзінің 1 жарым жасар қызын басып мерт қылды.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жазатайым оқиға бүгін 16 ақпанда сағат 09:00 шамасында Ақмол ауылында болды.
Бұл туралы сағат 10:46 Целиноград аудандық ПБ кезекші бөліміне 1,5 жасар баланы көлік басып кеткендігі туралы хабар түсті. Анықталғандай, «Toyota Estima» көлігінің 30 жастағы жүргізуші Ақмол ауылындағы балабақша аумағында өзінің қызын басып кетті. Әкесі қызына медициналық көмек көрсету үшін дереу Астана қаласына жеткізді. Алайда ауруханада бала қайтыс болды.
«Қазір осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша «көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді Kazinform тілшісінің сауалына ПД баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жол апатынан екі адам көз жұмғанын жазған едік.