Ақмолалық диқандардың көктемгі егіске дайындығы қалай

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Биыл Ақмола облысында 5,4 миллион гектар алқапқа дән себіледі. Қазіргі уақытта өңір диқандары техникаларын сайлап қойған. Тұқым мен жанар-жағар май мәселесін біртіндеп шешіп жатыр. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов Kazinform тілшісіне маңызды науқанға дайындық барысы туралы айтып берді.

Еркеш Әленов
Фото: Ауыл шаруашылығы басқармасынан

– Еркеш Төлегенұлы, көктемгі егістің жай-күйі, міндет пен меже төңірегінде айтып өтсеңіз?

– Биыл облыс диқандары 5,4 миллион гектар жерге тұқым себуді жоспарлап отыр, оның 400 мың гектары майлы дақылдары, 340 мың гектары мал азығы. Бұл өткен жылмен салыстырғанша біршама көп. Сонымен бірге, өңірде картоп пен көкөніс отырғызылатын алқаптарды көбейту межеленгенін атап өткен жөн. Яғни, 4,7 мың гектарға картоп және 350 гектарға көкөніс отырғызылатын болады. Аймақта науқанды белгіленген кестеге сай жүргізу үшін қажетті дайындық шаралары қазірден басталып кетті.

– Шаруашылықтар сапалы тұқыммен толық қамтамасыз етілді ме?

– Өңірде көктемгі егіске қажетті 536,8 мың тонна тұқым қажет болса, қазір оның 446 мың тоннасы немесе қажетті тұқымның 87 пайызы қолда бар. Қалғаны азық-түлік корпорациясы және элиталық тұқым шаруашылықтары арқылы сатып алынады. Қазіргі кезде шаруашылықтар өтініштер беріп, келісімшартқа отырып жатыр.

– Көктемгі егіске ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы қалай?

– Жұмыс кестесіне сәйкес облыста 20 жұмыс күні ішінде дәнді дақылдарды егу жоспарланған. Биыл тұқым себу науқанына 15 мыңнан астам трактор, 16 мыңнан астам астық сепкіш және 1,5 өнімділігі жоғары егіс кешені жұмылдырылады. Қазіргі кезде өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайыздан астамы дайын. Шаруашылықтар жаңа ауыл шаруашылығы техникалар сатып алып, машина-трактор паркін жаңартып жатыр. Заманауи техниканы қолдану егіс сапасын қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өндірісіне нақтылы егіншілік элементтерін енгізуге және жаңғырту үшін негіз жасауға мүмкіндік береді.

– Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Бүгінгі таңда шаруашылықтарды жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесі жіті назарда. Облысқа көктемгі егіс үшін 82,5 мың тонна жанар-жағар май бөлінді, оның 1 литрі 250 теңге тұрады, яғни былтырғы жылғы шамадай. Қазіргі кезде, 17 жеткізіп беруші оператор анықталып отыр. Жалпы, биыл қардың жылдағыдан көп түсуін және бүгінгі еріген қар суының мол болуын ақмолалық шаруалар жақсы ырымға балап отыр. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы естеріне мықтап ұстап, көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірлікпен келуді мақсат тұтуда.

– Cұқбатыңызға рахмет!

Еске салайық, өткен жылдың күзінде ақмолалық диқандар 3 миллион тонадан астам астық жинады.