Ақмолалық пішеншілер қысқа 1,3 млн тоннаға жуық жемшөп дайындады

жемшөп
Фото: Pixabay

Ақмолалық пішеншілер 1,3 млн тоннаға жуық шөп дайындады. Бұл – қолда бар мал үшін қажетті бір жылдық жемшөп қорының 96,3 пайызы. Бұл туралы Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, қазір өңірде шөп шабу жұмыстары аяқталып қалды.

Қиындықтарға қарамастан малға қажетті жемшөпті жинауда ақмолалық пішеншілер белсенділік танытқан. 

– Биыл облыс бойынша шаруалар шамамен 458 мың ірі қара, 250 мың жылқы, 569 мың қой, 40 мың ешкіні қыстатқалы отыр. Осынша малға 1 млн 308 мың тонна мал азығы қажет болса, соңғы мәлімет бойынша оның 1 млн 260 мың тоннасы жиналды. Бұл – қолда бар мал үшін қажетті бір жылдық жемшөп қорының 96,3 пайызы, – дейді Еркеш Әленов.

Айтуынша, көктемнен бері жауын-шашын болмағандықтан шабындықтағы шөп өспей қалған.

Дегенмен, жемшөппен толық қамтамасыз ету мақсатында мал азығы өсірілетін алқап 28 мың гектарға ұлғайтылды, сөйтіп жалпы алғанда 223 мыңнан астам гектарды құрады.

– Бұдан бөлек, 156,8 мың тонна пішендеме және 139,6 мың тонна сүрлем әзірленді. Сонымен бірге облыста шаруашылықтарды жеммен толық қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып қосымша тағы 750 мың тонна сабан дайындау жұмысы жүріп жатыр, – деп түйіндеді Еркеш Әленов.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында егін орағы жұмыстары толық аяқталғанын жазған едік.

Өңір диқандары өнімділік төмен болғанына қарамастан 3 млн тоннадан астам астық жинады. 

Соңғы жаңалықтар