Ақмолалықтар Жеңіс күнін атап өтіп жатыр

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Жеңістің 79 жылдығын ақмолалықтар бар сән-салтанатымен атап өтіп жатыр. Мерекелік шара Кеңес одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіші және Кеңес одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Жеңіс күні
Фото: Аслан Оспанов/KAZINFORM

Шараға қатысқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, соғыс және еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық кәсіпорын-ұйым, мекемелердің басшылары үрмелі аспаптар оркестірінің сүйемелдеуімен Даңқ аллеясы бойымен жүріп өтіп, «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Салтанатты митингіде облыс басшысы Марат Ахметжанов құттықтау сөз алып, елімізді зұлым жаудан қорғап қалған ардагерлердің атына ізгі тілегін жолдады.

Жеңіс күні
Фото: Аслан Оспанов/KAZINFORM

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеңіс күні – халқымыздың ерен ерлігі мен бірлігінің, қаһармандығының символы болып саналады» деп айтқан болатын. Бабаларымыздың баға жетпес батырлығының арқасында – біз бүгін бейбіт елде, бақытты өмір сүріп жатырмыз. Бүгін сол қасіретті соғыс жылдарында қаза тапқандардың, барлық майдандарда хабарсыз кеткендердің, осы күнге жете алмаған бабалар есімін еске алып, ұрпақ парызын орындауға жиналып отырмыз. Жеңіске жетіп, соғыстан кейін күйзелген елді көтеруге ат салысқан, осы шуақты күндерге жетпеген азаматтардың жарқын бейнелерін құрметпен еске алып, бас иеміз», - деді Марат Ахметжанов.

Жеңіс күні
Фото: Аслан Оспанов/KAZINFORM

Аймақ басшысы атап өткендей, Ақмола облысы халқының төрттен бірі, яғни 90 мың адам майданға шақырылып, оның 37 мыңнан сәл астамы ғана оралды. Ақмолалықтар барлық майдандарда соғысып, Мәскеу, Сталинград, Курск доғасындағы шайқасқа қатысты. Оның ішінде 66 ақмолалық Кеңес одағының Батыры және Даңқ орденінің толық кавалерлері болды. Қазіргі таңда өңірде 5 соғыс ардагері және 5 мыңға жуық тыл еңбеккері тұрады.

Жеңіс күні
Фото: Аслан Оспанов/KAZINFORM

Митингте соғыста шәйіт болған жандарды бір минуттік үнсіздікпен еске алып, ұрыс даласынан оралмаған жауынгерлер рухына арнап аспанға қарудан оқ атылды.

Жеңістің 79 жылдығына арналған осы тектес іс-шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтіп жатыр.

Айта кетсек, бұдан бұрын Жеңіс күні қарсаңында ақмолалық ардагерлерге 3 млн теңгеден берілетінін жазған едік.