Ақмолалық аграршылар елордаға 780 тонна өнім алып келді
Бұл өңірдің аграршылары өз өнімдерін қала халқына нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан бағамен сатуда.
Кәсіпкерлер Астанаға шамамен 780 тонна азық-түлік өнімдерін әкелген. 36 түрлі өнімнің жалпы сомасы 145 млн. теңгеге бағаланып отыр. Олардың ішінде 110 тонна ет және ет өнімдері, 34 тонна шұжық өнімдері, 28 тонна сүт өнімдері, 150 тонна ұн, 250 тонна картоп және 28 тонна нан өнімдері бар.
Сондай-ақ, аграршылар астаналықтарға кондитерлік өнімдерін, бал, тұздалған көкөністер, тосап және жеміс-жидектерін ала келіпті. Тіпті қол өнер шеберлерін де өз бұйымдарын сатуға шығарды.
Жәрмеңкеге жиналған қауым арзан бағаға азық-түлік сатып алып қана қоймай, облыс аудандарының өнерпаздары дайындап келген концерттік бағдарламаны тамашалауға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, алаңға алтыбақ орнатылып, ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Алаң ортасында түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қап-қап ауылшаруашылық өнімдері сыйлыққа берілуде.